18/01/2025  Сенбі
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының
Балқаш қаласының мемлекеттік архиві
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Жеке тұлғаға деген қызығушылық жоғары деңгейде көтерілген бүгінгі таңда еліміздің мәдениетіне, өнеріне, әдебиетіне, біліміне, медицинаға еңбегі сіңген өкілдерінің жеке тектік қорлары басты назар аударады. Жеке тектік дереккөздер ресми құжаттарда баяндалған тарихи деректерді толықтырып, нақтылай түсуге мүмкіндік береді.

     Ағымдағы жылы Балқаш қаласының мемлекеттік архиві жоғары дәрежелі дәрігер акушер-гинеколог, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, Балқаш қаласының Құрметті азаматы - Жеңіс Тоқашеваның жеке қор топтамасымен толықтырылды. Жеке құжаттарынанқорқұрушының жүріп өткен жолдары, жеткен жетістіктері, медицина саласына сіңірген еңбектерінен терең мағыналы деректер алуға болады.

 

Жеңіс Тоқашқызы Тоқашева 1942 жылы 15 қарашада Алматы облысы, Балқаш ауданының Құйған ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтағаннан кейін, Алматы мемлекеттік медициналық институтына түсіп, оны 1964 жылы акушер-гинеколог мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жолдамамен Бақанас аудандық ауруханаға акушер-гинеколог болып қызметін бастады.

 

     Балқаш қаласына 1966 жылы ауысып, перзентханада өз мамандығын шыңдады. Бір орыннан жылжымай қызмет атқарып, көптің сеніміне ие болды.Дәрігерлік қызметі кезінде перзентхананың барлық бөлімшелерінде жұмыс істеп, әртүрлі акушерлік және гинекологиялық оталарды жасады. Аймақтағы жалғыз қазақ акушер-гинеколог саналған Жеңіс Тоқашқызы өзінің еңбек жолында үлкен қажыр-қайрат жұмсап, қылаусыз қызмет атқарған білікті дәрігер. Арпалысқа түскен ана мен жарық дүниеге ұмтылған бала жанын  арашалауда еткен еңбегі зор.

 

     1994 жылы «Жоғары дәрежелі дәрігер акушер-гинеколог» атанып, 1995 жылы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесіндегі тиянақты, адал еңбегі мен республика халқына медициналық, дәрі-дәрмектік көмек көрсетудегі және медицина ісін ұйымдастырудағы табыстары үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. 1996 жылы Қызылорда қаласында өткен акушер-гинекологтардың V съезінде «Лазеротерапия в гинекологии», «Сакральная анестезия в акушерстве» тақырыптарында баяндама дайындап, мамандардың алдына шығып, тәжірибе бөлісті.

 

Ж.Тоқашева 1995 -1997 жылдар аралығында перзентхананың бас дәрігері болып қызмет атқарды. Балқаш қаласындағы денсаулық сақтау жүйесінде қайта құрылғаннан кейін перзентхана 1997 жылы қалалық көпсалалы ауруханасының құрамына енді, осы сәттен бастап перзентхананы басқарды, ал 1998 жылдың тамызынан бастап перзентхана бөлімшесінің ординатор-дәрігеріболып жұмыс атқарды.

 

     Қырық жыл тынбай еңбек етіп, 2006 жылдан бері еңбек демалысына шыққан Жеңіс Тоқашқызы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында 2006-2017 жылдарға арналған гендерлік теңдіктің Стратегиясын бекіту туралы» Жарлығын басшылыққа ала отырып құрылған «Отбасы және гендерлік саясат» жөніндегі комиссияның мүшесі болды.

 

     1998 жылы халық денсаулығынын сақтау ісіндегі ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республика денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталса, 2002 жылы он адамға берілген «Жыл адамы» атағын иеленді.

 

     2012 жылы 15 тамызда Балқаш қалалық мәслихатының шешімімен Жеңіс ТоқашқызыТоқашеваға «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

 

Қорқұрушының өмірбаяны мен еңбек жолындағы құжаттары жеткілікті дәрежеде және қаланың денсаулық сақтау саласындағы тарих беттерін айғақтайды.

 

    Жеңіс Тоқашқызы саналы ғұмырының сәулелі сәттерін денсаулық сақтау саласына арнаған ақ халатты абзал жан.

 

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ұлт денсаулығынжақсарту мақсатында түрлі диагностика жасау, аурудың алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігерлеріміз жоғары кәсіби деңгейде атқаруда.Келешек ұрпақтың баянды болашағының кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – дәрігерлік борыш.

 

Халық алдындағы міндетін абыроймен атқарып, адалдығынан танбаған Жеңіс Тоқашқызын жүріп өткен еңбек жолындағы жеңісі жас ұрпақ үшін халыққа қызмет етудің және қазақстандық патриотизмді дамытудың жарқын үлгісі.

 

     Қор құрушының құжаттарын қала тарихына байланысты, мақала, теле бағдарламалар жазу кезінде, тарихи-құжаттық көрмесін дайындауға қолданылады.

13 11 20 1

13 11 20 2

13 11 20 3

13 11 20 4