18/01/2025  Сенбі
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының
Балқаш қаласының мемлекеттік архиві
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

ҚазКСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1937 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен Прибалхашстрой жұмысшы кенті қала болып өзгертіліп, Балқаш атауы берілді.
(ҚР ОМА 5.Қ.17.Тіз.107.Іс.65.П.)

Қаланың тарихы Қоңырат мысының игерілуі мен Балқаш мыс зауытының құрылысымен тығыз байланысты.
1928 жылы инженер М.П.Русаковтың басшылығымен Ленинград геологиялық экспедициясының Балқаш өңірінің солтүстік және батыс жағалауындағы іздеу жұмыстарының нәтижесінде Қоңырат мыс кен орнының қоры анықталды.
1929 жылдың 2 тамызында Орталық Қазақстандық мыс балқыту, қорғасын зауыттары, кеніштер мен байыту фабрикалары - Қазмедьстрой құрылысы бойынша Мемлекеттік басқару ұйымдастырылды.
«Цветметзолото» басқармасының 1931 жылғы 29 сәуірдегі №20 қаулысында: «...мыс балқыту зауытын салу үшін ең тиімді орын Балқаш көлі болып табылады...». Осы қаулымен құрылысты өрістету міндеті қойылды «...бұл металл бойынша сұраныстың өсуі мен импорттық тәуелділіктен босату қажеттілігін ескере отырып, қазақ даласында 1.700.000 тонна Қоңырат бойынша барланған мыс қоры болған жағдайда геологиялық қорлар осы цифрлардан асып түсуі мүмкін, - Қазмедьстрой бүгінгі таңда мыс өнеркәсібін дамыту үшін маңызды базалардың бірі болып табылады деп мойындау керек». (ҚР ОМА.30.Қ.2.Тіз.448.Іс.191.П.)
1931 жылы Казмедьстрой басқармасы Прибалхашстрой болып қайта құрылды.
1932 жылдың 5 ақпанында «Гипроцветмет» және Кеңес Одағының 25 жобалау институттары комбинат құрылысын (Қоңырат кеніші, байыту фабрикасы, мыс балқыту зауыты, жылуэлектр орталығы, жөндеу зауыты) жобалауға кірісті.
1932 жылдың 13 қыркүйегінде тәжірибелі байыту фабрикасы іске қосылды.
1933 жылдың 27 сәуірінде құрылыс бастығы болып Василий Иванович Иванов тағайындалды.
1933 жылғы 16 қарашадағы ҚазКСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының қаулысымен Алматы облысы Қоңырат ауданының Қазмедьстрой құрылысы аумағындағы елді мекені «Бертыс» жұмысшы кенті болып қайта құрылды.
(ҚР ОМА 5Қ.19.Тіз.263.Іс.4-7П.П.)
1934 жылы жұмысшы кенті Прибалхашстрой кенті болып өзгертілді.
1935 жылғы 31 қаңтардағы Жоғарғы Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен Прибалхашстрой кенті Қарқаралы округінің құрамына берілді.
1935 жылы өнімділігі 40 тонна нан зауыты іске қосылды, нан, монша – жуу комбинаты, кірпіш зауыты, механикалық шеберхана, уақытша электр станциясы,  800 орынға көрермен залы бар клуб салынды.
1935 жылы 21 желтоқсанда Қарағанды-Балқаш темір жол желісі іске қосылды.
1936 жылы 12 қаңтарда бірінші көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
1936 жылғы 29 шілдедегі БОАК қаулысымен Прибалхашстрой кенті жаңадан құрылған Қарағанды облысының құрамына берілді.
1937 жылдың ақпанында алғашқы «Ударник» кинотеатры ашылды, шілде айында алғашқы автобус желілері пайда болды. 1937 жылдың 1 наурызында Балқаш жылу электр орталығының турбогенераторы өнеркәсіптік ток берді.
ҚазКСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1937 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен Прибалхашстрой кенті қала болып өзгертіліп, Балқаш атауы берілді.
1938 жылы 28 қаңтарда КСРО Ауыр өнеркәсіп Халық Комиссариатының бұйрығына сәйкес дербес ұйым – «Прибалхашстрой» құрылыс тресі құрылды.
1938 жылы 24 қарашада сағат 19.00-де алғашқы балқаш мысы алынды. Бұл күн Балқаш мыс балқыту зауытының туған күні ретінде тарихқа енді.
Алғашқы құрылысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында 1940 жылдың басында Балқаш мыс балқыту зауыты Қазақстанның ең ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының біріне айналды.
Қала халқы 1940 жылы 40000 адамды құрады.

1

Балқаш қаласының мемлекеттік архиві