Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай Балқаш қаласы мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорларынан алынған құжаттар негізінде «Конституция - кемел келешектің кепілі. Конституция - основа стабильности государства» тарихи-құжаттық көрмесі ұйымдастырылды.
1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясында тұңғыш Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп тұжырымдалды.
Негізгі заң мемлекетіміздің алғашқы даму кезеңіне аса маңызды рөл атқарды және өтпелі кезеңнің Конституциясы ретінде тарихқа енді. Басталған саяси, экономикалық реформаларды әрі қарай жалғастыру мен тереңдету үшін елеулі өзгерістер мен толықтырулар пайда болды.
1995 жылы наурызда жаңа Конституцияны әзірлеуге тәжірибелі құқықтанушылар мен заңгерлер арасынан сараптамалықконсультативтік кеңес құрылды. Олар жұмыс барысында жобаға мыңнан аса түзетулер енгізді.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1995 жылғы 25 маусымдағы Қаулысыныа сәйкес Негізгі Заң жобасын жалпы халықтық талқылауы басталды. 1995 жылғы 28 шілдедегі тұңғыш Президенттің Жарлығымен 1995 жылы 30 тамызда референдум өткізу туралы жария етілді.
1995 жылдың 31 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев талқылау барысында айтылған ұсыныстар мен толықтырулар, халықтың пікірлері ескеріліп, Конституцияның соңғы нұсқасына қол қойды.1 тамызда Конституция мәтіні бұқаралық баспасөз құралдарында жарияланды.
Құжаттардың куәландыруымен, Конституция жобасын талқылауға балқаштықтар және қала маңындағы елді мекендер белсенді араласты. Іс жүзінде барлық еңбек ұжымдары мен жүздеген азаматтар жергілікті басқару органдарының рөлін көтеру және мемлекеттік тілдің мәртебесі мен мәні туралы қалалық газет беттерінде «Ата Заң жобасын талқылаймыз» атты айдар бойынша өз пікірлерін ұсынды.
1995 жылы 26 шілдеде бірінші сайланған қалалық депутаттары жиналысында балқаштықтардың ұсыныстары қарастырылып, қорытындылады.
1995 жылғы 30 тамыздағы референдум бойынша қалалық аумақтық комиссиясы хаттамасына сәйкес 49437 балқаштықтар дауыс беруге қатысты, оның ішінде 45483 сайлаушылар Конституцияға «иә» деп дауыс берді.
Осындай қиын кезеңде Елбасы бастауымен барлық миллиондаған қазақстандықтардың бірігуімен қабылданған Конституция ұжымдық еңбектің жемісі болып табылады. Аз уақыт болса да, Конституция тәуелсіздігіміздің берік тірегіне, табысты дамуымыздың және Қазақстанның халықаралық деңгейдегі биік беделінің кепіліне айналды. Ол еліміздің басты құндылықтары ретінде қоғамдық-саяси бірлікті, келісім мен тұрақтылықты қалыптастырды.
Материалдар №222 архивтік қор құжаттарынан алынды.
«Балқаш қаласының мемлекеттік архиві» КММ