Кеңес Одағының Батыры, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Зәкир Лутфурахманұлы Асфандьяровтің
туғанына - 100 жыл
1945 жылдың 9 мамыры Ұлы Отан соғысына жеңіс нүктесін қойған тарихтағы ерекше күн. Ұрыс даласында өздерінің табандылығымен және тылдағы қажырлы еңбегімен Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан майдангерлер ұрпақтың ерлігі халық жадында мәңгі сақталады. Бейбітшілік, бостандық және жер бетіндегі өмір үшін соғысқан барлық майдангерлерге біздің айтар алғысымыз шексіз. Соғысқа қатысқан, жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталған мыңдаған қазақстандықтардың арасында біздің жерлестеріміз де болды.
Зәкир Лутфурахманұлы Асфандьяров1918 жылы 20 желтоқсанда Башқұрт АССР-нің Красноуль ауданының Утяково селосында туған. Қызыл әскер қатарына 1939 жылы шақырылды, 1941 жылдан бастап соғысқа қатысты. Украинаны азат етудегі ерлігімен ерекшеленді, әсіресе Корсунь-Шевченко операциясында батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті.
1944 жылы 25 қаңтарда Цибулев селосы шайқасында (қазір Черкасск облысы Монастырищенск ауданының селосы) аға сержант З.Асфандьяровтың басшылығымен жаудың 10 танкісі (оның 6 –уы «Тигр») және 150-ден артық солдаттарды мен офицерлерінің көзі жойылды. Осы ерлігі үшін КРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 1 шілдесіндегі Жарлығымен Закир Лутфурахманович Асфаньяровқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» (2386) медалі тапсырылды. Соғыстан кейін З.Л.Асфандьяров Балқаш қаласында тұрып, Шығыс Қоңырат кеншісінің №8 шахтасының ауысым бастығы болып еңбек етті.
Балқаш қалалық еңбекші депутаттар кеңесінің 1975 жылғы 20 наурыздағы шешімімен З.Асфандьяровқа «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Балқаш қалалық мәслихатының 2000 жылғы 19 қаңтардағы шешіммен А.Жданов атындағы тұйық көшеге Закир Асфандьяровтың есімі берілді.
Мемлекеттік архивте «Кеңес Одағының батырлары-балқаштықтар» жеке құжаттар топтамасы сақталуда. Аталған қор топтамасында З.Л.Асфандьяровтың өмірбаянына қатысты жеке құжаттары, еңбектегі және қоғамдық қызметтегі құжаттары, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушының жеке карточкасы, жеке ерлігі туралы баяндаулар, шешімдері мен фотоқұжаттары жинақталған. Қор құжаттары үнемі сұраныста.
Отан соғысындағы әр жауынгердің есімі ел тарихында алтын әріппен жазылған. Соғыстың сұрапыл жылдары бізден алыстаған сайын, біз оның ұлылығы терең сезінудеміз.
Қан майданда Ұлы Жеңіске қалай қол жеткізгенімізді, майдан даласында ерлікпен қаза болғандарды еске сақтау, арамызда жүрген жүрген соғыс ардагерлерінің есімдерін ардақтау, құрмет көрсету бүгінгілердің парызы болып қала бермек.
Ш.Медеубаева,
Балқаш қаласының архиві