Архив құжаттары айғақтайды
ЕСІМІ ҚАЛА ТАРИХЫНДА
115 жыл бұрын (1903 жылғы) 23 қазанда Әубәкір Әлімжанов – байытушы, Балқаш қаласының алғашқы құрылысшыларының бірі, КСРО Жоғарғы Кеңесіне тұңғыш рет сайланған балқаштық депутат дүниеге келді.
Әубәкір Әлімжанов Семей губерниясының Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысына қарасты № 14 ауылда дүниеге келген.
1929 жылға дейін шаруа қожалығымен шұғылданады. 1930 жылы Қарағанды облысының Қоңырат ауданының «Бірлестік» колхозына кірді. 1932 жылы Балқаш мыс балқыту зауытының құрылысына келді. 1934 жылы қаңтар айында өндіріс фабрикасының флотаторы, 1941 жылдың желтоқсанынан бастап байыту фабрикасының ауысым бастығы болды. 1948 жылдың наурызынан бастап құрметті демалысқа шыққанға дейін Балқаш мыс зауыты цехының басшысы болып қажырлы еңбек етті.
Балқаш кен - металлургия зауытында Әубәкір Әлімжанов қарапайым жұмысшыдан бастап байыту фабрикасының басшысына дейін өсті. Осылайша комбинат тарихында өз ізін қалдырды.
Әубәкір Әлімжановтың ауысымы алғашқылардың бірі болып стахановшылар қозғалысына да қатысты. Сонымен қатар тапқыр рационализаторлардың бірі еді, қаланың қоғамдық жұмыстарына белсенділікпен араласты.
1946 жылы сайлау барысында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутатына кандидаттыққа бір ауыздан ұсынылды.Депутат ретінде Балқаш қаласының әлеуметтік – экономикасын дамыту мәселесін бірнеше мәрте көтеріп қала тұрғындарына қосымша азық – түлік тауарларын бөлу мәселесін шешуге бар күш – жігерін салып, халықтың әл – ауқатын жақсартуға маңызды ықпал жасады.
Әубәкір Әлімжанов өндірістегі жоғарғы көрсеткіші және адал қызметі үшін 1952 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, Бірнеше Қаз ССР- ның Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, КСРО – ның түсті металлургия министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қарағанды облыстық кәсіподақ Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Әубәкір Әлімжанов 1969 жылдың тамыз айында дүниеден өтті. Ә.Әлімжановтың Балқаш кен – металлургия комбинаты мен қала құрылысының өсуіне қосқан ерен еңбегін мақтанышпен айтуымызға негіз бар.
Қалалық мәслихаттың 1998 жылғы 4 наурыздағы шешіміне сәйкес кен – металлургия өндірісінің жұмыстарын ұйымдастыру мен қаланың әлеуметтік – экономикалық дамуына қосқан еңбегі үшін бұрынғы Комсомольская көшесіне алғашқы құрылысшылардың бірі Әубәкір Әлімжановтың есімі берілді.
Д. Зейнетуллақызы
Балқаш қаласының мемлекеттік архивінің архившісі