18/01/2025  Сенбі
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының
Балқаш қаласының мемлекеттік архиві
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

20 жыл бұрын (1998 жылдың 4 наурызында) Балқаш қалалық Мәслихаттың шешімімен Қазақстанның халық әртісі, композитор Мағауия Хамзинге «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Мағауия Хамзин 1927 жылдың 29 желтоқсанында қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. М.Хамзиннің бүкіл өмірі өнермен байланысты болды. Алғашқы орындаушылығын 1944 соғыс жылдарында Қарағанды филармониясында көрсетіп, одан әрі Алматы қаласының Құрманғазы атындағы оркестрінде жалғастырды. 1949 жылы Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищесін аяқтайды. 1949 - 1952 және 1958 - 1961 жылдары Қазақтың халық аспаптар оркестрінде қызмет етті. 1952 - 1957 жылдары Балқаш мыс корыту зауытының көркем өнерпаздар ұжымын басқарды. Осы жылдар аралығында өзінің шығармашылық шеберлігін кеңінен танытты.

Ол қазіргі заман тақырыбына арнап "Қосбасар", "Шахтер күйі", "Космонавтар", "Алтын астық", "Жайлау", "Жарыс", "Амангелді туралы күй", "Шопан күйі", "Белгісіз солдат", "Тоқырауын толғауы", "Жас қазақ", т.б. күйлерін шығарды. Дара музыкант домбыра өнерінің қыры мен сырын жете меңгеріп Огинский, Брамс, Моцарт, Рахманинов, Чайковский шығармаларын да домбырада орындап қос шекті музыкалық аспапты шет мемлекеттеріне дейін таныта білді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 14қыркүйектегі қаулысымен Балқаш қаласының металлургтер мәдениет сарайына Қазақстанның халық әртісі Мағауия Хамзиннің есімі берілді.

2007 жылдың 21 сәуірінде Мағауия Хамзинге мәдениет сарайының алдынан ескерткіш орнатылды.

Д. Зейнетуллақызы Балқаш қаласының мемлекеттік архивінің археографы