Архив құжаттары айғақтайды
105 жыл бұрын 1912 жылы 12 қаңтарда мемлекеттік саяси қайраткер, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері - Дінмұхамед АхмедовичҚонаев дүниеге келді.
Д.А. Қонаев Верный (қазіргі Алматы) қаласында, қызметші отбасында дүниеге келген. №14 Чернышевский атындағы орта мектебін бітіріп, мектеп жасында тау-кен инженері мамандығын таңдаған.
1931 жылы Дінмұхамед Қонаев ҚазақстанӨлкелік комсомол комитеті жолдамасымен Мәскеудің Түсті металдар және алтын институтына оқуға жіберіледі.
Д.А. ҚонаевБалқашқа алғашқы 1935 жылы Қоңырат кен орнында өндірістік тәжірибеден өтуге келді. Онда кеніштің жаңадан құрылған шығыс бөлімінде десятник болып қызмет атқарып «Жылына 90 мың тонна қара мыс өндіру үшін Қоңырат карьерінің қуатын анықтау» атты дипломдық жұмысына мағлұматтар жинайды.
1936 жылы Мәскеу институтының тау-кен факультетін бітірген Д. Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жіберіледі, осында бұрғылау станогының машинист көмекшісіболып еңбек жолын бастайды, кейін машинист, цех бастығы, кенттің бас инженері және оның директоры қызметін атқарды.
1937 жылы Қонаев басқарған бөлімше ауыспалы Қызыл Туды өздеріне сақтау үшін 10 күндік тапсырмасын 122 пайызға орындады.
Дінмұхамед Ахмедович мен басқада Қоңырат машинистерінің бұрғылау станогы Коңырат кентінде орналасқан.
1939 жылы Мәскеу қаласында өндіріс озаттарының бүкілодақтық слеті өтті. Д.А. Қонаев балқаштық делегацияны басқарды. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің төрағасы М.И. Калинин Д.А. Қонаевқа және балқаштық алғашқы құрылысшыларға ерен еңбектері үшін наградалар тапсырды.
1942 жылдан 1952 жылға дейін Д.А. Қонаев Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі, кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Осы кезеңде оның негізгі әрекет өрісі түсті металл, көмір және мұнай өнеркәсіп орындары, электр станциясы, темір жол, қорғану зауыттары жұмысын ұйымдастыру болды.
1955 жылы Д.А. Қонаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл жоғарғы қызметті ол 1955 жылдан 1960 жылға дейін және 1962 жылдан 1964 жылға дейін атқарды.
1964 жылдан 1986 жылға дейін Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды.
1970 жылы балқаштықтар металлургтер демалыс орнын салу үшін Д.А. Қонаевқа жер сұрап өтініш жасады. Бұл мәселе аз уақыттың ішінде шешіліп, Медеу шатқалында бір жылдың ішінде «Балқаш» демалыс үйі салынды.
Д. Қонаев 1942 жылдан бастап жоғарғы мемлекеттік лауазымда отырып балқаштықтарға әрдайым демеу көрсетті. Ол Балқашқа (1975ж., 1978ж., 1980ж., 1984ж.) келіп, қаланың кәсіпорындарын аралап, комбинат жұмыскерлерінің әлеуметтік жағдайымен танысып жәрдемдесетін. Балқаштықтардың көбісін бетпе-бет таныды. Д.А. Қонаевтің тікелей араласуымен бүкілодақтық қаулы қабылданып, Балқаш аймағындағы тұрғындардың ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.
1992 жылы алғашқы еңбек жолын бастаған Қоңырат кентіне келді. Сапар барысында кент және қала ақсақалдарымен кездесіп сұхбаттасты. Өкінішке орай, бұл Д. Қонаевтың Балқашқа келген соңғы сапары еді.
Дінмұхамед Ахмедович Қонаев Республикалық партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті.Д. Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді.Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.
Балқаш қаласының дамуына қосқан жеке үлесі үшін Д.А. Қонаевқа «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді, ол кісі Қоңырат кентіндегі тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды.
Қалалық архив құжаттары бойынша дайындалды .
БҚМҚ.297 қор.1тіз.14 іс.30-33 бет.94 қор.1 тіз.
Д. Қонаев «О моем времени», Алматы, 1992 ж.
Д.Серикбаева
Балқаш қаласының мемлекеттік архивінің» құжаттарды ғылыми
қолдану, жариялау – анықтамалық
аппаратты жасау бөлімінің археографы