17/01/2025  Пятница
Коммунальное государственное учреждение
Государственный архив города Балхаш
управления культуры, архивов и документации Карагандинской области

     Ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттау және «Мәңгілік Ел» орнатудағы рухы биік ата-бабаларымыздың ерлік-өнегесін болашаққа дәйекті түрде жеткізу үшін архивте белгілі тұлғалардың жеке қорын ашу жұмыстары басты міндеттердің бірі ретінде жүргізілуде.

   Ағымдағы жылы Балқаш қаласының мемлекеттік архиві Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Балқаш қаласының Құрметті азаматы, Балқаш қалалық ардагерлер қозғалысының Құрметті ардагері Бекен Тулеуовтің жеке архивтік қорымен толықтырылды. Жеке құжаттарынан қорқұрушының жүріп өткен жолдары, жеткен жетістіктері, білім саласына сіңірген еңбектерінен терең мағыналы деректер алуға болады.  

     Бекен Тулеуов 1935 жылы 25 қазанда Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданы Қызыл Октябрь ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтағаннан кейін, 1953 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика математика факультетіне оқуға түседі. 

     Алғашқы еңбек жолы 1958 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай аулында № 2 орта мектебінен бастау алады.

     Балқаш қаласына 1960 жылы келіп, қалалық оқу бөлімінің жолдамасымен Шығыс Қоңырат кентінің № 18 орта мектебінде математика пәнінен мұғалім болып жалғастырады. Жұмыс барысында жүздеген оқушыға жетекшілік жасап, рухани азық сыйлайды. Үнемі ізденістің үстінде болған ұстаз қашанда шәкірттеріне сабақ берумен ғана шектелмей, әрдайым оларға өмірлік ақыл-кеңесін берді. Еңбегі еленіп, қызметтік дәрежесі өсіп 1963 жылы № 3 жұмысшы жастар мектебінің директоры, 1964-1969 жылдары Шығыс Қоңыраттағы № 18 жалпы білім беретін орта мектептің директоры, 1969-1975 жылдар аралығында тәрбиесі қиын оқушыларға арналған арнайы мектептің директоры болады. Сонымен қатар, 1975-1976 жылдары Балқаш қаласының № 1 орта мектебінде математика пәнінен сабақ берді. 1977 жылы жаңадан құрылған Приозерный ауданының оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Осы қызметті атқарып жүріп 1996 жылы зейнеткерлікке шықты. 

     Зейнет жасына шықса да Бекен Тулеуов қызметін әрі қарай жалғастырды. 1996 жылы Қарағанды облысы Мұғалімдерді қайта даярлау институтының Балқаш қаласы Ғылыми-әдістемелік орталығын ашып, оның әдіскері болды. Приозерный ауданы Балқаш қаласының қоғамдық өміріне өз үлесін қосты. Саналы ғұмырының басым бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арнады.

     1978-1991 жылдары Б.Тулеуов халық депутаттары аудандық Кеңесінің депутаты болды. Педагогикалық қоғамның белсенді мүшесі, насихаттаушы, Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланды.

     2009-2013 жылдары Балқаш қалалық «Алаш Азаматтарының» қоғамдық бірлестігінде басшысының орынбасары, Балқаш қалалық Ардагерлер кеңесінде шалғайдан келген тұрғындардың бастауыш ұйымының басшысы, ардагерлер клубының мүшесі және қалалық Ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі болды. 2010-2011 жылдары қалада бағаны тұрақтандыру комиссиясының мүшесі, 2014 жылға дейін «Nur Оtаn» партиясының саяси кеңесінің мүшесі ретінде белсене қызмет атқарды.

    Ардагер ұстаздың ерен еңбегі еш еленбей қалмады. Білім саласында атқарған ұзақ жылдық адал ісі еселеніп, лайықты бағасын алды. Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері (1982), «Ветеран Труда» медалі, «Дружба народов» орденімен (1986), мерекелік (1970, 2015, 2020) медальдарымен марапатталды. 

     2020 жылы Балқаш қалалық ардагерлер қозғалысының Құрметті ардагері, Балқаш қаласының Құрметті азаматы атақтарын алды. Сонымен қатар Жезқазған және Қарағанды облыстық кеңестерінің, облыс, қала әкімдерінің, облыстық білім басқармасының, Кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталды.

     Ұлағатты ұстаз Бекен Тулеуовтың бойындағы бірбеткейлік қасиетімен, қайсар мінезімен, ерен еңбегімен кейінгі жас буын өкілдеріне, әріптестеріне үлгі болып келеді.

     Ұрпақ тәрбиесі-ұлттық мүдде. Халық алдындағы міндетін абыроймен атқарып, адалдығынан танбаған Бекен Тулеуовтың жүріп өткен еңбек жолындағы жеңісі жас ұрпақ үшін халыққа қызмет етудің және қазақстандық патриотизмді дамытудың жарқын үлгісі.

 

                                              «Балқаш қаласының мемлекеттік архиві» КММ

25.05 1 25.05 1 25.05 1 25.05 1 25.05 1 25.05 1 25.05 1