80 жыл бұрын (1941ж.) КСРО оқу ағарту ісінің үздігі, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қарағанды облыстық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты Хамар Ықласқызы Адамбекова өмірге келді.
Хамар Ықласқызы Адамбекова 1941 жылы 2 ақпанда Алматы облысы, Талғар қаласында дүниеге есігін ашты. Петропавл қаласының № 1 Ленин атындағы мектебінде оқып, 10 сыныпты 1959 жылы Қарағанды қаласының Жамбыл атындағы № 7 мектебін аяқтаған. Хамар Ықласқызы өзінің еңбек жолын 1961 жылы Қарағанды қаласының № 74 орта мектебінің аға пионер жетекшісі қызметінен бастады. 1963 жылы аталған мектептің бастауыш сынып мұғалімі болды.
1963-1968 жылдары Петропавл мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, биология мұғалімі мамандығын алды.
1965 жылдан Алматы облысы Іле ауданының кешкі мектебінің биология және химия пәндерінің мұғалімі, 1966 жылдан Алматы қаласының № 24 орта мектебінің директор орынбасары, 1969 жылдан Балқаш қаласының № 16 мектебінің биология мұғалімі, 1971 жылдан № 23 сегіз жылдық мектептің директоры, 1978 жылдан № 16 орта мектеп директоры болып тағайындалып 2007 жылы зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті.
Хамар Ықласқызы Адамбекова саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне, қоғамдағы мәселелерді, жеке адамның проблемасын шешуге арнаған қажырлы жан. Хамар Ықласқызы табаны күректей 45 жылын ұстаздыққа арнаса, соның ішінде 30 жылын мектеп басшылығына арнаған.
Өзі басшылық еткен № 16 лингвистік бағытта білім беретін мектептің статусын көтеруде бар күш – қуатын аямай еңбек етті. Жаңашыл іскер басшының мектептегі білім сапасынарттырып, жаңа технологияларды енгізу тәсілі қалалық, облыстық білім басқармасы тарапынан жоғары бағаға ие болды. 2000-2001 оқу жылында мектеп «Жылдың үздік мектебі» белгісімен, 2002-2003 оқу жылында озық білім мен тәрбие үлгісі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевты ұлықтау рәсіміне орай мектепте мемлекеттік рәміздер залы ашылды. Залды ашу идеясын, оны жасау эскизін де өзі ұсынды. Білікті жаңашыл, ұйымдастыру қабілеті жоғарыдиректор басшылық жасаған мектеп қаладағы үздік мектептердің бірі болып саналды. Ұстаздық еткен жылдар Хамар Ықласқызы үшін өсу, өркендеу, толысу жылдары болды, мектеп тәжірибесіне педагогика ғылымының нәтижелері мен педагогикалық – инновациялық технологиялар енді. Үнемі ізденіс үстінде болатын мектеп директоры тәжірибе алмасу мақсатында бұрынғы КСРО еліндегі көптеген мектептерді аралап шетелге де іс сапарға шыққан.
Хамар Ықласқызы ұстаздық ете жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. 1999 жылдан бастап Қарағанды облыстық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты болып сайланып, халық сенімін ақтау жолында талмай еңбек етті. Өзіне сенім білдірген сайлаушылар аманатын арқалап, ұрпақ тәрбиесі мен білімін жетілдіру ғана емес, қарапайым халықтың тұрмыс – тіршілігі, шешімін күткен мәселелер қатты алаңдатты. Халықтың қамын басты назарда ұстап, туындаған сауалдардың түйінін шешуде бар күш – жігерін аямады. Халық қалаулысы жоғары мінбелерден сайлаушыларының мәселелерін қозғап, жұртшылықтың мәселесін нақты шеше білді. Негізгі мақсаты – қоғамның аз қорғалған мүшелеріне, жұмыссыздарға қолдау көрсету, жасөспірімдер құқығын қорғау болды. Қаланың әлеуметтік – экономикалық және экологиялық даму мәселелерін өткір қойып, мәдениет, спорт, денсаулық, көлік салаларын дамытуға бөлінетін бюджет қаржысын өсіруге де қол жеткізді.
Хамар Ықласқызы қажырлы еңбек жолында 1973 жылы «1973 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы», 1976 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздік қызметкері», 1985 жылы «Еңбек ардагері», 1991 жылы «КСРО ағарту ісінің үздігі» медальдарымен, 1994 жылы «Әдіскер – мұғалім», 1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағымен, 1999 жылы Даңқ кітабына енгізілді, 2002 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», 2006 жылы «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», 2014 жылы «Қазақстан мәслихатына 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Сондай – ақ Хамар Ықласқызы ұстаздық жолындағы ерен еңбектері жоғары бағаланып 1978 жылы қалалық халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің, 1980 жылы Балқаш қалалық ұйымдастыру комитетінің, 1981 жылы Қазақ ССР халық ағарту минстрлігінің ұйымдастыру комитетінің, комитет төрағасының, трест кәсіподағы төрағасының, 1982 жылы Қазақстан облыстық комитеті хатшысының, 1984 жылы қалалық халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің, 1985 жылы облыстық партия комитеті төрағасының, 1987 жылы Жезқазған облыстық кәсіподақ кеңесі төрағасының, 1989,1991 жылдары облыстық халыққа білім беру басшысының, 2001 жылы Балқаш кен металлургиякомбинаты директорының, 2002 жылыБалқаш қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Ал 1975 жылы «Жастар» қалалық кеңесінің, 1985 жылы Жезқазған облыстық комитеті төрағасының, 2011 жылы Қарағанды облыстық мәслихаты хатшысының, 2007 жылы Балқаш қаласы әкімінің алғыс хаттарына ие болды.
1988 жылы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының, 1985 жылы «Жастар» облыстық кеңесінің, 2006 жылы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дипломдарымен марапатталды.
Хамар Ықласқызы 2018 жылдың 11 қарашасында өмірден озды. Абзал жанның жарқын бейнесі, іскерлігі, адамгершілік келбеті қала тұрғындары мен әріптестерінің жадында мәңгі қалмақ.
Ұлағатты ұстаздың, халық жанашырының халық алдындағы міндеті келер ұрпақ үшін халыққа қызмет ету мен патриотизмді дамытудың жарқын үлісі болып табылады.
Мемлекеттік архивтегі қор құрушының жеке құжаттары тарихи – құжаттық көрме ұйымдастыруға, телебағдарламалар жазуға, қала тарихы туралы мақала жазуға қолданылады. Хамар Ықласқызының Балқаш өңіріне сіңірген ерен еңбектері мысты шаһар халқына үлкен өнеге.
Материалдар мемлекеттік архив қорынан алынды.
Дамежан Серикбаева
«Балқаш қаласының мемлекеттік
архиві» КММ-нің бөлім басшысы