17/01/2025  Пятница
Коммунальное государственное учреждение
Государственный архив города Балхаш
управления культуры, архивов и документации Карагандинской области

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы төл тарихымызды таразылап, тұғыры биік тұлғалардың өнегелі өмірі мен ғибратты мұрасы арқылы өскелең ұрпақ бойына патриоттық рух сіңіру мақсатында мүмкіндіктерімізге кеңінен жол ашып отыр. Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – ертең жоқ екенін көрегендікпен болжаған Ұлт Көшбасшысы өзінің бағдарламалық мақаласында ұлт тарихын тану мен тұлғаларды дәріптеудің маңыздылығын нақты атап өтті. Елбасының бұл идеясы – халқымыз үшін тарихи мүмкіндікке ие болып отыр.

Биылғы жылы қаламыздың 80- жылдығымен тұспа – тұс келіп Қағазбек Қасымжан Қағазбекұлыныңтуғанына - 90 жыл толып отыр. Осы жылы Балқаш қаласының мемлекеттік архиві Қасымжан Қағазбекұлыныңжеке қор топтамасымен толықтырылды. Аталған топтамада Қасымжан ұстаздың жүріп өткен жолдары, жеткен жетістіктері, мектепке сіңірген еңбектерінен терең мағыналы деректер алуға болады.

Қағазбек Қасымжан Қағазбекұлы 1927 жылы 29 қазанда Қарағанды облысы, Қарасу ауылында дүниеге келді. 1935 – 1942 жылдары Балқаш қаласының № 2 мектебінде оқыды. Балалық шағы сұрапыл соғысқа сай келген азамат еңбек жолын зауытта жұмыскер болып бастады. 1943-1944жж. аралығында мыс зауытының механика – жөндеу цехында темір өңдеуші болып еңбек етті. 1944-1948 жылдары Балқаш кен металлургия техникумында білім алды. Техникумды үздік бітірген жас маман Шығыс Қоңырат кентінде шахтада еңбек етті. 1951 жылдан бастап Қоңырат кентінің № 25 қазақ орта мектебінде физика, математика пәндерінің мұғалімі ретінде қызмет атқара жүріп, 1958 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтын сырттай бітірді. 1955-1959 жылдары аталмыш мектептің оқу ісінің меңгерушісі жұмысын атқарып, 1961 жылы мектеп директоры қызметіне көтерілді. Қоңырат мектебінде он жыл еңбек етіп, 1970 жылы Балқаш қалалық оқу бөліміне әдістемелік бөлімнің меңгерушілігіне ауысады. Екі жылдан соң Шашубай кентіндегі № 3 мектеп – интернатқа директор болып ауысты. 1973 жылы Абай атындағы № 2 мектепке директор болып тағайындалып 1996 жылы зейнеткерлікке шыққанша қызмет атқарды.

Қасымжан Қағазбекұлы мектеп оқушыларының терең білім алуына және жас ұрпақты ана тілінде ұлттық мүддеге сай тәрбиелеуге орасан үлес қосты. № 2 Абай атындағы мектепті республикадағы алдыңғы қатарлы оқу орындар қатарына жеткізуді мақсат етіп, Ресей мектептерінің озық іс – тәжірибелерін енгізді.

Қасымжан Қағазбекұлы – қазақ халқының өнерін дәріптеген патриот басшы. Сол жылдары қаладағы жалғыз қазақ мектебінің өзіне тән тамаша тағылымды дәстүрін қалыптастырған бірегей тұлға.

Қасымжан Қағазбекұлының басшылығымен мектеп «Елім – ай» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп, қазақ балаларының ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, домбырада ойнап, ән салуына жағдай жасалды. «Әдеби Абай залын» көркемдеп, «Әлем мәдениетінің тарихы», «Әдеп негіздері» курстарын енгізді. № 2 Абай атындағы лицейдің «Абай» тағлымы» комплексі, Абай ескерткіші, «Ақыл ой дарыны», хореографиялық эстетикалық блогы - Қасымжан Қағазбекұлының ізденіс жұмыстарының нәтижесі. Мектептің техникалық базасы нығайтып, оқушылардың терең де тиянақты білім алуына жағдай жасалынды. Әрбір кабинетте радио жұмыс істеп, телетехникалық орталықта әрбір пән бойынша дискілер, көрнекіліктер, бейне фильмдер жинақталды.

Қ.Қағазбекұлы қажырлы еңбек жолындағы марапаттары да жетерлік. 27 маусым 1969 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төс белгісімен, 4 тамыз 1983 жылы «КСРО-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері» төс белгісімен, 5 желтоқсан 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 6 мамыр 1992 жылы «1941-1945жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі майталман еңбегі үшін» медалімен, 29 қыркүйек 1993 жылы «Әдіскер – мұғалім» атағымен, 24 қаңтар 2013 жылы «Ы. Алтынсарин» белгісі берілді. Сонымен қатар КСРО Ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қазақ ССР Ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, Ресей Ғылым Академиясының бүкілодақтық Қазақстандық аймақтық химия олимпиадасын жүргізгені үшін мақтау грамотасымен, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің грамоталарымен, түрлі алғыс хаттармен марапатталды. 2013 жылдың 14 тамызында «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Жұбайы Зейнел апайдың Қ.Қағазбеков туралы жүріп өткен дара жолдарынан үлкен естелік ретінде жинақталған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты кітабы 2014 жылы жарық көрді. Бұл кітап - қала тарихы мен ағарту ісінің ХХ ғасырдың 40-90 жылдарындағы дамуын баяндайтын, ұрпақтардың танып білуіне ұсынылатын құнды дүние. Қасымжан ағай әрбір ұстаздың, мыңдаған шәкірттің жүрегіне жол тапқан асыл жан еді. Қасымжан Қағазбекұлы 2015 жылдың 17 қаңтарында 88 жасқа қараған шағында дүние салды. Қасымжан ұстаз қазақ мектебінің жаңашыл тұрпатын қалыптастыруға, өскелең ұрпақтың отаншыл болуына, тілі мен дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеп, барлық білімі мен күш жігерін Балқаш қаласының білім беру саласына арнап, өзіндік қолтаңбасын, өшпес ізін қалдырды.

(Материалдар архив құжаттарынан алынды).

Д. Зейнетуллақызы

Балқаш қаласының мемлекеттік архивінің археографы