17/01/2025  Пятница
Коммунальное государственное учреждение
Государственный архив города Балхаш
управления культуры, архивов и документации Карагандинской области

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТУ ЕТКЕН АҒЫБАЙ БАТЫР

Биылғы жылы қаламыздың 80- жылдығымен тұспа – тұскеліп Ақжолтай Ағыбай батырдың туғанына - 215 жыл толып отыр.

Балқаш қаласының мемлекеттік архивінде тәуелсіздік үшін күрескен қазақ халқының ұлы батыры Ағыбай батырға арналған «Тәуелсіздікті ту еткен Ағыбай батыр» құжаттамалар топтамасы бар. Осы топтамада Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінен алынған Ағыбай Қоңырбайұлы туралы Сібір қырғыздары облысы әскери губернаторының басшысына жазған рапорттары мен баяндауларының көшірмелерінен, мерейтойлары, ескерткіш ашылу құжаттарынан көптеген мәліметтер алуға болады. Топтама тәуелсіздік жолында күрескен Ақжолтай Ағыбай батырдың өмір жолынан сыр шертеді.

Елдің елдігі мен еркіндігі үшін «Ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып», қаймана қазақты ұрыс даласына бастаған Ағыбай Қоңырбайұлы 1802 жылы Ұлытау өңірінде Қоңырбай батырдың отбасында дүниеге келді.Арғынның Шұбыртпалы руынан шыққан атақты батыр. Ағыбайдың жас кезіндеәкесі Қоңырбай қайтыс болады. Ағыбайдың шешесі Қойсана – Абылайханның сенімді серігі ірі ту көтерушісі болған атақты қазақ батыры Байғозының қызы. Ес біліп, етек жаба бастағаннан бейбіт жатқан қазақ ауылдарына патша жасағының аяусыз жәбір – жапа көрсететінін көзі көріп өскен Ағыбай 13 жасында атқа қонады.

Ержүректігі аңызға айналған Ағыбай батыр туралы халық арасында түрлі қызық хикаяттар, өлең – жырлар, қиссалар бар. Ағыбай бастаған қол жауды алмай қоймайтын болған. Ағыбай үнемі қиын – қыстау шақта, ерлердің тосылып, жаудан жүрегі шайлыққан тұста алға шығады. Қайратпен жол тауып, ерлік пен қаһармандық рухтың туын биік ұстайды. Сол үшін де көтерілісшілер оны аруақты санаған, жолы болғыш «Ақжолтай» деп атап кеткен. Халық қиялында Ағыбай жеңбейтін жау, ала алмайтын қамал болмаған. Осылайша есімі ұранға, ісі үлгіге айналған. Тарихи деректерде , Ағыбай қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске араласуын ерте бастаған. 1824-1826 жылдары патша өкіметі орыс шаруаларына жерін тартып алып берген Қарқаралы округі қазақтарының көтерілісін басқарған Ағыбай елді бірлікке үндеп, одан әрі халықтың ұлт – азаттық көтерілісіне басынан аяғына дейін қатысып, неше қилы ерлік күрестерді бастан кешкен.

Кенесары, Ағыбай батырлардың күресі, олардың халық мүддесіне шын берілгендігі, қолбасшылық өнерлері, саясатшы ретіндегі сирек кездесетін қасиеттері, сол қиын кездің өзінде – ақ, империяның қатыгез идеологиясына қарамай, халық арасында қолдаушылық тауып, қазіргі ұрпаққа өнеге бола білді.

Осы ұлт – азаттық көтеріліс, елім деп еңіреген, ұлтжанды, отаншыл, шашақты найза қолға алған Ақжолтай Ағыбай бастаған халық батырларын тарих сахнасына шығарды.

Ақжолтай Ағыбай батырдың өмірі – небір қиындыққа, қыспақ пен қиянатқа толы ғұмыр болды. Ұлы бабамыз патшаның отарласу саясатына қарсы шығып, қол бастаған әйгілі батыр, белгілі би, әрі шешен.

Ағыбай батыр – өз ғұмырында туған елінің тәуелсіздігі мен бостандығын, еркіндігі мен егемендігін армандап өткен аса ірі тарихи тұлға. Ол қазақтың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлының сенімді серігі, кеңесшісі, әрі хан әскерінің бас қолбасшысы болған.

1885 жылы Ағыбай батыр 83 жасқа қараған шағында қайтыс болып, Тайатқан – Шұнақта жерленген.Күні бүгінге дейін ұрпақтары күмбезінің басына барып тағзым етіп жатады.

Ақжолтай Ағыбай батыр барша қазақ халқының сүйікті перзенті бола тұра, Кенесары хан заманындағы азаттық пен бостандық идеясын бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Атақты хан, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болған Кенесары: «Сарыарқадай жер қайда, Ағыбайдай ер қайда?», деп Ағыбайға деген өзінің ризашылығын танытқан. Қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздегі, қазақстандық патриотизм рухы өз бастауын осындай танымал перзенттердің ғұмырынан, өнегелі істері мен абыройлы тағылымынан алады деп, тұжырымдауға толық негіз бар.

Еліміздің егемендігі үшін жан аямай күрескен бабамыз Ағыбай батыр есімін мәңгі есте сақтау мақсатында1993 жылы Балқаш қалалық халықтық депутаттар кеңесінің 1993 жылғы 5 мамырдағы № 50/22 қаулысымен А.Матросов атындағы көше Ағыбай батыр атына өзгертілді.

2007 жылы 5 қыркүйекте Балқаш қаласының 70 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Ағыбай батыр ескерткіші салтанатты түрде ашылған болатын.Бүгінгі күні қаламыздың көрнекті ескерткіштерінің бірі.

 

Материалдар Балқаш мемлекеттің архивінің 298 қорынан алынды

 

Дамежан Серикбаева,

Балқаш қаласының мемлекеттік архивінің археографы